© 2009. Жәрдем
http://www.zhardem.kz/news/1323494645.html
09-12-2011
Автор: ҚазАқпарат.

342 БАЛА АЖАЛАУЗЫНАН АМАН ҚАЛДЫ

«Балаларға өмір сыйла» қайыр-ымдылық акциясы 2007 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.
Осы 4 жылда біздің ерікті қоғамдық қайырымдылық қоры 2 млн 142 мың доллар ақша жинап, 342 балаға ота жасатты. Бұл туралы жобаның авторы, Ерікті қоғамдық қайырымдылық қорының директоры Аружан Саин мәлім етті.
Оның айтуынша, қайырымдылық қоры ай сайын 10 баланың операциясына қаржы төлейді.
«Біздің қайырымдылық қор, негізінен, баласын емдеуге өз бетімен қаражат таба алмайтын, тұрмыс жағдайы нашар отбасыларға көмек көрсетеді. Оған қажетті қаржы түрлі тәсілдер арқылы жиналады. Қазақстанда емделмейтін түрлі дертке шалдыққан балаларға медициналық қолдау көрсету, кішкене сәбилердің өмірін сақтап қалу, ата-аналарына көмек қолын созып, жәрдем беру - бұл «Балаларға өмір сыйла» қайырымдылық шарасының басты міндеті мен мақсаты. Неше жылдан бері осы қайырымдылық шарасының арқасында 342 бүлдіршінге әлемнің түрлі елдерінде операциялар жасалып, балалар ауруынан айықты. Бүлдіршіндердің барлығы дені сау құрбыларының қатарына қосылды. Бұның барлығы көптеген компаниялар мен мыңдаған адамдардың - қазақстандықтардың қайырымды көмегінің арқасында мүмкін болып отыр! Сондықтан бұл орайда, балғындарға барынша көмек көрсеткен, акцияға атсалыс-қан барлық қайырымды жандарға үлкен алғысымды айтқым келеді. Сіздер білсеңіздер, балалардың ата-аналарының алғысын сөзбен жеткізу мүмкін емес»,-дейді Аружан Саин.
Оның айтуынша, қазір әлі де тағдыры қыл үстінде тұрған 20-дан аса балаларға көмек керек. «Олардың хаттары біздің сайтымызда орналасқан. Басқаның қайғысына ортақ болып, жанашырлық танытатын жандар әлі де табылатынына сенеміз. Әр адамның «Балаларға өмір сыйла» акциясына үлес қосуы біз үшін өте маңызды да, құнды және қажет»,-дейді ол.
Оның сөзіне қарағанда жылдан жылға үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара түсіністік артып, байланыс нығайып келеді. «Соның нәтижесінде біршама әлеуметтік мәселелер шешімін тауып келеді. Алдағы уақытта біздің ынтымақтастығымыз одан әрі артатынына үміттімін. Жалғыздан гөрі, біріге жұмыс істегенде біз көп нәрсеге қол жеткізе аламыз және көп көмек жасай аламыз»,-деді А. Саин.



Информация распечатана с сайта www.zhardem.kz в 03:49 21-05-2012
Использование материалов возможно с сохранением активной ссылки на автора и издание.